Керегі жоқ білімді көбейтпеуге уәж

Бастауыштан-ақ ақындыққа жақын балаға 8-ші сыныптан химияның не керегі бар осы деп ойлап көрген шығарсыз? Ақындыққа жақын баланың өзі ойлап көргені анық. Біріншіден, тағдырмен ауыз жаласып алған ешкім жоқ. Екіншіден, жүйелі түрде толассыз құйылған химияның кемінде 2 пайызы миыңызда қонақтап қалу қаупі бар. Оны «база» деп атауға болады. Дым болмағанда өзіңіздің екі пайызыңызбен ботандардың арасындағы анекдотқа күлмей қалып, ұяттан қызарып тұрмайсыз. Иә, айттық қой: тағдырмен ауыз жаласып алған ешкім жоқ. Осындай «базалық» білімнен дүниетаным туындайды. Ойлап көріңіз, географ болмай, Чад көлінің Африкада екендігін білу; физикадан хабары болмай, e=mc2 формуласы кімдікі екендігін ажырата алу – әсте жаман емес. Бірақ, неге? Ары қарай даму үшін, әрине.

Бәрінің орта білімінде тесік бар. Сөзсіз. Кейбірінікі – Қарақия ойпаты, кейбіреуінікінің трагедиясы ондай қайғылы емес. Бірақ, бәрі де ұжымдық сананың «соны да білмейсің бе?» деген сұрағын бір рет болса да есітіп, өзін топас сезініп көрген. Дәл сол тесікке кірерге жол таппай тұрған кезі аз болмаған. Жасына, мамандығына дәл келеді деп саналатын білім жинап алған уникум ми жоқ. Жоқ деп есептелінеді. Тесіктер болған да, болады да, олардың бәрін толтыру – арман ғана. Тесікті жамаған сайын жыртыла беретіні сияқты, келбетсіз көптің аузындағы «топас» дегенге бола, интернетті ашып жіберіп, «Сіз осы уақытқа дейін білмеген 5 факт» дегендерді жұта бергеннен эгоңыздың қышуы қана қоймас.

Адам қаласын-қаламасын дымға керегі жоқ универсал білімді еріксіз жинай береді. Сондай ақпаратты қабылдауға жақын тұрады. Яки, ол қоршаған ортаның келбетін өз еркімен құрастыра алмайды. Қабат-қабат қапталған үздіксіз жапалардың жиынтығы кез келгенді ақпараттық ортаның өніміне айналдырып жібереді. Алдындары: біз қалай ойласақ – сондаймыз еді ғой; қазір ол: біз не білсек – сондаймыз болып кетті.

Интернеттің әр бетіне шаққанда, өлшеусіз қаптап кеткен, телевизорлерде помпамен үздіксіз қайталанып жатқан «жіберіп алмауыңыз керек фактілерге» келсек – одан артық керегі жоқ білімді ойлап табу мүмкін емес. Балалардың танымын кеңейтуге көмектеседі. Иә. Бірақ, ересектердің назары мен бос уақытын ғана жейтін қоқыс. Ойлап көріңіз, «Білмесеңіз өзіңізді сыйламай кететін 15 нәрсені» оқып алған соң, ертесіне-ақ әрең дегенде біреуін есіңізге түсірерсіз, бір аптадан кейін ол да ұмытылады. Неге екені белгісіз – «білуіңіз керек фактілерді» білгеннен эрудицияңыз артып, өзіңіз өлшеусіз дамып, ал танымыңыздың шекарасы кеңейіп кетеді деп есептелінеді. Ал, шынында, олар қабылдау шеңберіңізді тарылтып, бәрін дайын формулаға салып береді. Қызық, ә? Өзім де таң қалғанмын. Қарап тұрсаңыз, түсінуге қиын емес ол фактілер ғылыми контекстен жұлынған, жүйесіз түрде жеткізілген. Дайын табаққа салынған. Жалпақ тілмен айтқанда, өзіңіз де шайнай алатын нәрсені, шайнап-шайнап аузыңызға тығып жіберген. Ендігіде дәмін көріп, түріңізді тыржайтып, құсып тастау ғана қалды.

Фонын, майда детальдерін білгенде ғана білімнің бағасы артады. Оның мағыналық салмағы күшейіп, білім базаңызға нық орналасады. Бір фактінің құны білім базаңызбен кіріге алғанда ғана есте қалатындай ауыр. Ондай болмаса, оның құны – көк тиын. Әрине, «Өзіңізді сыйлауы үшін білуіңіз керек 5 нәрсені» жинап-жинап алып, көңілсіздеу патилердің бірінде достарыңызға айтуыңызға болады. Бірақ, анекдот жаттап алып, қыздың көңілін аулаған – одан да пайдалырақ. Елестетіп көріңізші: пазл құрастырып отырсыз, ал фигураларыңыз әртүрлі мозаикалардыкі болып шықты.

Миыңызға ерік беріңіз, сайтан алғыр. Біреу топас дегеннен топас болып қалмайсыз, ал егер тағдырыңыз үстіңізден прикол ұстаған екен – онда «өзіңізді сыйлататын фактілер» құтқара алмайды.