Маған Nokia E7 телефонын уақытша пайдаланып, өз ойымды жазуды өтінген еді. Телефонның қарапайым функцияларын ғана пайдаланып үйренгендіктен, бірден бас тартқан едім. Қарапайым қолданушының әуесқой пікірі де маңызды деген соң, өзіме бейтаныс сенсорлық экранды телефонды тестілеуге шешім қабылдадым.
Сонымен, міне ол:
Қолыма тиген телефон қара түсті еді. Nokia өкілдерінің сөзіне қарағанда, Қазақстан нарығында тек қана сұр және қара nokia e7 сатылымға түсетін көрінеді.
Тағы бір алдын-ала айта кететін нәрсе, телефон қалтасы жұқалар тіптен, ал орташалар біраз шашылып барып, қол жеткізе алады. Себебі, телефон отандық дүкендерде 800 АҚШ ақшасы көлемінде екен.
Телефонды қолға ұстағанға өте ыңғайлы. Өз орнын тауып, қолға жата кетеді. Дизайнерлік шешімнің сәтті шыққаны сонша, алғашында qwerty-пернелерді ашатын тетігін таппай қиналғаным бар.
Жалпы, телефон интернетпен жұмыс істегенге арналған ба дедім. Барлық танымал әлеуметтік желілерге (твиттер, фейсбук, т.б.) арнайы қосымшалары өзімен бірге, артық орнатуды қажет етпейді. Тіпті, барлық аккаунтты қатар ашып қойып, үздіксіз отыра беруге болатынын байқадым. Әрине, бұл жаңа фишка болмаса да, жоғарыда айтқанымдай, мендей “шәйнек” үшін ыңғайланып жасалған деп ойладым.
Э-поштаны пайдалану, тіпті бірнеше пошта-аккаунттарын қатар қолдану да қарастырылған екен. Ыңғайлы навигациялық интерфейсі де менің барлық көз-талаптарымды қандырды десе болады. Хат жазу, э-пошта арқылы файл жіберу және басқа да фукнцияларын алғаш рет пайдалансам да, түсінгенге қарапайым болып шықты.
Ал 4 дюймдік сенсорлық дисплеймен жұмыс істеу – керемет. Әрбір беттегі қосымшаларды реттеу, баптау және оларды барынша өзіңе ыңғайлы етіп орналастыру. Бірнеше күнтізбе (органайзер фанаттары үшін) уақытты реттеуге жақсы мүмкіндік береді екен.
Алақай!
Бәрі бәрін айтып, бәрі түсірген фотоларын іліп, тіпті бәрі өз пікірлерін де жариялап тастады ғой деймін. Бірақ, қатысқан соң, арасында жүрген соң, бірдеңе деп қалайын дедім.
Блог-құрылтай өтті-кетті. Қызығын қорытып та үлгермей қалдық. Барлық жаңа таныстар мен қызық презентациялардың бәрі бір күнгі түстің болмашы жемісі сияқты тез зымырай кеткеніне өкініп те үлгермей қалған сияқтымын ше.
Фото жоқ! Сондықтан, бұл жазба соқыр мен мылқау сөз қыптының кері болатын сияқты. Сонда да бөлісейін дедім ғой.
Бірінші күнге дейін:
Жұма күнгі кешкі жиналысқа сұранып, асығыс бара қалсам, Патик бастаған тайм-киперлер командасы толық құраммен дайындыққа кірісіп кеткен екен.Шаманың келгенінше, барып кел-шауып кел болып жүрдің ортада біте қайнасып. Ортада Қисық пен Патиктің зілсіз әзілдеріне жарылысып дегендей.
Кешкісін жалпыблогкемптік танысу кешіне “Кермес” (атын дұрыс жаздым ғой, иа?) деген кафеге тартып тұрдық. Онда елден бұрын жетіп алыппыз. Келген блогерлермен танысып, араласып, бір-бірін реалда көріп, мәз-мейрам болысып қалды енді.
Қысқасы, 1-ші, әркім өзін таныстырды, 2-ші, әркімді көршісі таныстырды, 3-ші, бәрі бір-бірін таныстырды ма, бірдеңе болды енді. Соңында, блог-сектанттық ойынға кірістік. Фотоларын салып қойса да болады екен. Іздестіріп көрейін. Өркеннің блогында бар деген сыбыс шықты, мына жақтан.
*Ал енді, ол бей(осы сөзде күлкім келед)-ресми ашылуынан соң, ішкі және сыртқы цензураның қарсылығына ұшырайтын ашылу салтанатына қарай тартылдық*. Ол туралы жеке сөйлескенде.
Ақпараттық тыныштық. Соңғы бір ай осы сөздің мағынасын сезінумен өткіздім. Теледидар қоспай, интернетте жаңалықтар сайтына бас сұқпай, әлеуметтік желілердегі достарым бөліскен сілтемелермен өтпей көру – адам қызығарлық нәрсе екен. Бұл, бір жағынан, өзіңді қоғамнан жасанды түрде бөліп, жырып алу болатын шығар, екінші жағынан, өзіңе, қажетсіз ақпаратпен онсыз да артық гигабайттарға толып үлгерген, артық салмақтың ауырлығын арқалағысы келмеген мыйыңа тыныштық беру болса керек.
Әрібі көп роман. Бір кітапты оқи бастардан алдын оның мағыналық салмағы мен интеллектуалдық жүгіне көңіл аудармай жатып, ондағы әріп саны мен кітаптың қалыңдығына көз түсетіні қызық. Талай рецензияларын, интерпретациялары мен жеке көзқарастарды оқып үлгерген соң, романның өзіне жақындаудан да қорқып қалады екенсің. Сол интерпретациядағы айтылған жоғары өнер мен пафосты ойлардың роман ішінде бос қуыс, қуық кеуде болып қалатындай көрінеді де тұрады. Бірақ, оның барлығы қатыстық ұғым екенін, әркім өзі көргісі келгенін көріп, қабылдағанын ғана айтатыны соңғы сәтте еске түседі. Одан өзгерген ештеңе жоқ. Әрібі көп романды қолға алып, кезекті бір сана тыныштығы кезінде аяқтармын деп ойлайсың. Өзімнің өмірлік “Уллисім” (Одиссея – грек.) бар деген ой мазалай береді.
Түсініксіздіктен туған түсінік. Кино – визуалды естелік. Адамның өмірінде бір ғана маңызды нәрсе бар – ол естелік. Достық – өткен күннің таусылмайтын естелік-әңгімесі. Махаббат – өлшеусіз сәт пен сол сәтке деген сағыныштан туған естелік, таусылмайтын естелік. Отбасы – ортақ естелік. Адамның бүкіл өмірін байланыстырып, жіпсіз жіппен жақындастыратын естеліктің соншалықты ащы әрі тәтті болатынын бәрі де сезініп көрген болуы керек. Ал, кино көргенде сол естеліктердің еріксіз көз алдыңда көлбеңдей кетіп, режиссердің айтқысы келгені бұлдырай берсе, ол көрермен бақыты дер едім. Естеліктер туралы сағынуға, ойлауға, қызыға әңгімелеуге болады, бірақ естеліктерге өкінуге болмайды. Морализаторлық функциямды ұмытып, жоғарғы өнер сатысынан айтсам, естелік – біздің барымыз, оның қандай болғаны маңызды емес. Өмірге “Мистер Ешкімнің” көзімен қараған қызық екен.
Өз бастауына оралған. Қисынсыздықты қисынға айналдыратын логиканың бағдарымен жүйткіп келе жатқан адамның тұла бойын шексіздікке деген ұмтылу, мәңгілікке деген сағыныш билейтін сияқты. Ал адамның бастауы “Ештеңе” еді, оның аяғы да “Ештеңемен” аяқталатын болуы керек. Тек шексіз әрі іркілмей айналатын дөңгелек ішінде зырылдап жүгірген нүкте ғана бар. Бірақ, ол нүкте өз ішінде бүкіл әлемді сыйдырып, әлемді өз қолымен, ойымен, санасыман жасай алатынынан хабары аздау секілді көрінеді.
Пы.Сы. Өзіме бірнеше кеңес: “арт-хаустан аулақ жүр” – бұлай ешқашан болмайды, “түсініксізді түсіндіруге тырыспа” – бұл болады, “кітап оқыма” – жасасын интернет, “концептуалдық өнер туралы ұмыт” – жан деп, “ағысқа қарсы жүзбе” – ойлану керек екен, “сен кімсің өзі?” – ммм, “әлі барсың ба?” – иа.
Пы.Пы.Сы. Өз орны туралы ұмытқысы келгендер болады, өз санасын жойғысы келгендер болады, өз ойын бүккісі келгендер болады, өз пікірін тыққысы келгендер болады, өзін көрсеткісі келгендер болады, өзгенің артына тығылғысы келгендер болады. Адам әртүрлі болады.
“Таңдау жасалмағанша, бәрі де мүмкін“
Әркімнің өмірінде әр күні жүздеген таңдау жасалынып жатады және олардың жақсысы не жаманы болмайды.
Таңдау туралы фильм. Бірақ, қарапайым ғана таңдауды түсіндіргісі келген фильмде басқа да философиялық ұғымдар қамтылады, бастысы – таңдаудың адам өміріне әсері: өзгеруіне, өзгертуіне, тіпті оған ықпал етуіне. Тіптен қисынсыз нәрсе сияқты көрінеді емес пе? Кез-келген саналы адам таңдаудың артынан таңдалғанға сәйкес нәтиже боларын біледі, себептен туған салдар секілді.
Сондықтан, адам таңдамай тұрып болжаған, елестеткен, ойлаған, болуы мүмкін нәтижені жоспарлап, есептеп отырады. Ал егер таңдау жасардан алдын әрбір таңдалуы мүмкін нәрсенің, таңдалар жолдың немен аяқталарын болжамай, елестетпей, ойламай, дәл білсе не істер еді? Біліп қана қоймай, әрбір таңдалуы мүмкін жолды жүріп өтсе ше? Міне, фильм осы туралы.
Фильм дәл осындай адам туралы екен. Ол бала кезінен өз өткенін, өз болашағын анық көріп, біліп, есінде сақтап, қайта-қайта ойнатып отырған. Осы қабілетінің арқасында оның өз өмірін шексіз бақытты, идеалды етуге мүмкіндігі болған. Өйткені, ол өзі жасаған таңдау неге алып барарын, оның толық нәтижесін алдын-ала біліп отыратын, сол арқылы ол әрқашан дұрыс таңдау жасап, өзіне керектің бәріне қол жеткізе алатын еді. Бірақ, шын мәнінде, бәрі сондай ма?
Фильмнің басында 9 жасар баланың өз өміріндегі ең үлкен таңдау алдында қалғанын, дағдарып не істерін білмей тұрғанын көрсетеді. Ол бірнеше даңғыл жолдың алдында таңдай алмай дал болады. Ол өзінің ерекше қабілетінің арқасында бүкіл фильм барысында, өз алдында тұрған таңдауға болатын жолдарының бәрін ойша “тексеріп” көреді. Сол арқылы, өз өмірін қайта-қайта сүріп, әр жасаған таңдауынан кейін мүлдем жаңа өмірге қадам басып отырады. Әрбір таңдалып сүрген өмірде де болмашы ғана жасалған таңдаулардың да өміріне үлкен өзгерістер әкелгеніне көзін жеткізеді.
Өз тіршілігінің соңында мынадай қорытындыға келеді:
Әркімнің өмірінде әр күні жүздеген таңдау жасалынады және олардың жақсысы не жаманы, маңыздысы мен маңызсызы болмайды. Бірақ, әрбір таңдалған өмір сүрілгенге, ал әрбір жол жүріп өтілгенге лайықты.
Фильм шашылған сюжетпен түсірілген.
Алғашында, адам ажалсызға айналған гротесктік әлем көрсетіледі. Соңғы ажалды адамның өлу сәтін теледидарда реалити-шоу арқылы бақылап отырған әлемге қош келдіңіз, ендеше! Немо мырза (“Соңғы ажалды”) журналистке өзінің өмір хикаясын айтып жатады. Қызығы сол, оның әңгімесі парадокс пен түсініксіздікке толы еді. Ол бірнеше өмір сүріп, өз басынан өткен бірнеше хикая айтып береді. Нақтырағы, төрт түрлі тағдыр!
Фильмнің соңында бір-ақ нәрсеге көзің жетеді – бұл төрт өмірді әлі де сүріп үлгермеген екен, бұл үлкен даңғыл жолдың алдында әлі де сол 9 жастағы үлкен таңдау жасамақшы болған бала тұрған екен. Ол өз таңдауын әлі де жасап үлгермеген.
Қысқасы, фильм, оған жұмсалған 47 млн көк ақшаның оннан бірін де ақтамағанына қарамастан, керемет шыққан деп есептеймін.
Фильмнің режиссері: Жако ван Дормель
Актерлері: Джаред Лето, Диана Крюгер
Мен үшін Джаред Лето, бірінші кезекте, музыкант, 30 second to mars тобының әншісі, сосын барып, актер. Шынын айтсам, оның актерлік шеберлігіне алғаш рет куә болып отырмын. Бұған дейін оның қатысқан фильмдерін қарамаған екенмін.
“Мистер Ешкім” фильмінен кейін ол туралы көзқарасым мүлдем өзгеретін түрі бар. Оның ерекше дарын иесі, дауыс иесі екеніне дау жоқ, бірақ оның ерекше, өзіндік мәнері бар актер екеніне көзімнің жеткені – мен үшін жаңалық болды.
Ал Диана Крюгер туралы айтпаса да түсінікті ғой. “Троя”, “Бесславные ублюдки”, орнына оның фильмдері айтып береді. Бұл фильмдегі Анна мен Немоның арасындағы ыстық махаббат хикаясын, осы санаттағы ТОПтың ішінде бірінші орынға шығаруға лайық. Терең сезім мен керемет әсер.
“Сенің санаң – қылмыс жасалған орын“
“Матрица” заманынан бері шындықтың иллюзиялығын бейнелейтін модерн мен постмодерн тоғысындағы фильмдер көбейе бастады және олардың әрқайсысы көруге тұратын, ойлануға итермелейтін десем қателеспейтін шығармын.
Түс туралы біркелкі түсінік жоқ. Фрейдтен басталған осы құбылысқа деген қызығушылық, түптеп келгенде, көптеген жаңалық пен ашуларға алып келді. Тіпті, бүкіл өмір – біреудің түсі деген де қорытындылар жасалғаны бар.
Ал Кристофер Нолан бұған тіптен басқаша қарайды екен. Ол түс адамның бүкіл өміріне әсер ететіндігі сонша, егер оны бағыттауға, өзгертуге амал табылса, түстегі кішкене идеяның ұшқыны бүкіл болмысқа әсер етеді деп қорытады.
Сюжеттен қысқаша:
Кобб – талантты ұры, өз әлеміндегі ең үздік ұрылардың бірі. Ол – адамның санасы әлсіз кезде маңызды ақпарат пен естелікті “ұрлайтын” шебер шығарушы. Оның дәл осы таланты өз әлеміндегі ең танымал әрі ең үздік тұлғаға айналдырды және дәл осы таланты барлық жақындарынан айырып, бәрінен қашып, өмірін тығылумен өткізуге мәжбүрледі.
Міне, бірде оның өткендегі барлық қателіктерін орнына келтіріп, жақындарымен қосылуына жалғыз мүмкіндік ашылады. Ол соңғы тапсырысты мүлтіксіз әрі байқатпай орындап шығуы керек. Бірақ, бұл жолы ол адам санасынан идея мен естелікті шығарып емес, керісінше, адам санасына идеяны орнатуы керек болады. Егер барлығы жүзеге асса, ол идеалды қылмыс санатына жататын еді.
Бірақ, Кобб өзіне ешқандай да жоспарлау мен шеберлік көмектесе алмайтынын біліп отырады. Бірақ, бәрі идеалды болуы үшін оған тек қана шеберлік пен мүлтіксіз жоспар емес, өз естеліктерімен, өз санасындағы шырғалаңмен бетпе-бет келетінін ол білмейді. Оның басты мәселесі орнатудағы шеберлік емес, өзімен арпалыс екенін ұмытып кетеді.
Сюжет туралы осыны ғана айтуға болатын шығар. Бір нәрсе анық, актерлік құрам мен басты рөлдегі актерлердің ойыны – шеберліктің нағыз шыңы. Леонардо диКаприо мен Эллен Пейдж – фильмнің түпнегізі.
Осы фильмнің премьерасынан соң өз блогымда мынандай жазба қалдырыппын:
Түс — түлкінің боғы дейді. Шынында ол ерекше адамнің ішкі дүниесінен сыр шертетін мультиформалы аспап шығар. Кім білсін!?
Түсті көре бастағанда ешкім де оның қалай басталғанын білмейді, тек оқиғаның барынша қызған шағынан тап болады. Ол мүмкін адами әлсіз жадтың қатігез әзілі де шығар. Мүмкін. Бірақ, меніңше, түс – адамның ішкі және сыртқы эмоциялары мен сезімдерінің дабылы. Оны ешқашан басқаруға, не басқартуға болмайды.
Бірақ оны бағыттап отыруға, тіпті өзгертуге тырысып көруге де болады екен. Оны Кристофер Нолан дәлелдеді. Меніңше әрине.
Ол өзінің «Inception» фильмінде барынша түсінікті түсіндіруге тырысыпты. Бірақ, ол түсіндіре алды деп те айта алмаймын, себебі, түсініксіз нәрсені түсінікті түсіндіруге тырысу көбіне қателікке ұрындырады. Бірақ, кей кезде сол қателіктің өзі үлкен табыс пен әркелкі түсіндірмелерге итермелеп жатады.
Бүкіл модерндік мәдениет түсініксізді түсіндіріп келуге тырысса, постмодерндік мәдениет болса, сол түсіндірмекші болған түсіндірменің өзін түсініксіздеу қылып жіберуге талпынып жатыр. Бірақ одан оның кемшілігін, не мағынасыздығын емес, оның барынша талпынғандығын ғана байқауға болатын шығар.
Бұл менің жеке субъектив пікірім. ИМНО
Ал фильм өте әсерлі (арнайы эффекттер туралы айтамын). Бұндағы эффекттер көз сенбейтіндей тым фантастикалық та емес, бір қарағанға. Сосын, эффекттердің өзінің жасалу жолдары мен эффекттердің өздері де керемет. Бір сөзбен айтқанда, Кристофер Нолан өз биігін тағы да барынша жоғарылатыпты. Оның «Темный рыцарь» фильміндегі іздерді байқауға да болады, бірақ сапалық жағынан ол деңгейден де біраз жоғары көтерілгенін де атап өту керек сияқты
Ал Леонардо ди Каприоның ішкі дүниесі терең жараланған тұлғаны сомдағаны — ол нағыз шеберлік. Қысқасы фильм туралы ойым өте жоғарыда.
Біріншіден, менің бойымда фильмнен кейін екі негізгі ұшқын қалды:
— кішкене ғана ой адамның бүкіл өмірін өзгерте алады
— идея, тіпті болмашы ғана идея болмысты жаулап алып, оған иелік етеді.
Бұл фильм шыққанына бір жыл болғанына қарамастан, бүкіл әлемдік рейтингтерде жоғары көрсеткішке жетіп үлгерііпті. Киносүйер қауым бұл фильмді ең талғампаз киноманның топтамасына лайық картина деп те бағалап жатқан көрінеді.
Бірақ, керемет режиссердің (Кристофер Нолан) керемет фильміне тұрып қол соғып қою керек екенін айта кетейін. Оның “Темный рыцарь” фильмі де ерекше ілтипатқа ие болғанын бәрі де білетін шығар. Кристофер Нолан – әлемдік киносүйер қауымға терең психоанализдік фильмдерімен өзін танытып келе жатқан жас режиссер әрі сценарист.
Қысқасы, менің топтамамдағы үздік фильмдердің бірі, соңғысы емес.
