“Мистер Ешкім” – таңдалмай жүрілген жол
“Таңдау жасалмағанша, бәрі де мүмкін“
Әркімнің өмірінде әр күні жүздеген таңдау жасалынып жатады және олардың жақсысы не жаманы болмайды.
Таңдау туралы фильм. Бірақ, қарапайым ғана таңдауды түсіндіргісі келген фильмде басқа да философиялық ұғымдар қамтылады, бастысы – таңдаудың адам өміріне әсері: өзгеруіне, өзгертуіне, тіпті оған ықпал етуіне. Тіптен қисынсыз нәрсе сияқты көрінеді емес пе? Кез-келген саналы адам таңдаудың артынан таңдалғанға сәйкес нәтиже боларын біледі, себептен туған салдар секілді.
Сондықтан, адам таңдамай тұрып болжаған, елестеткен, ойлаған, болуы мүмкін нәтижені жоспарлап, есептеп отырады. Ал егер таңдау жасардан алдын әрбір таңдалуы мүмкін нәрсенің, таңдалар жолдың немен аяқталарын болжамай, елестетпей, ойламай, дәл білсе не істер еді? Біліп қана қоймай, әрбір таңдалуы мүмкін жолды жүріп өтсе ше? Міне, фильм осы туралы.
Фильм дәл осындай адам туралы екен. Ол бала кезінен өз өткенін, өз болашағын анық көріп, біліп, есінде сақтап, қайта-қайта ойнатып отырған. Осы қабілетінің арқасында оның өз өмірін шексіз бақытты, идеалды етуге мүмкіндігі болған. Өйткені, ол өзі жасаған таңдау неге алып барарын, оның толық нәтижесін алдын-ала біліп отыратын, сол арқылы ол әрқашан дұрыс таңдау жасап, өзіне керектің бәріне қол жеткізе алатын еді. Бірақ, шын мәнінде, бәрі сондай ма?
Фильмнің басында 9 жасар баланың өз өміріндегі ең үлкен таңдау алдында қалғанын, дағдарып не істерін білмей тұрғанын көрсетеді. Ол бірнеше даңғыл жолдың алдында таңдай алмай дал болады. Ол өзінің ерекше қабілетінің арқасында бүкіл фильм барысында, өз алдында тұрған таңдауға болатын жолдарының бәрін ойша “тексеріп” көреді. Сол арқылы, өз өмірін қайта-қайта сүріп, әр жасаған таңдауынан кейін мүлдем жаңа өмірге қадам басып отырады. Әрбір таңдалып сүрген өмірде де болмашы ғана жасалған таңдаулардың да өміріне үлкен өзгерістер әкелгеніне көзін жеткізеді.
Өз тіршілігінің соңында мынадай қорытындыға келеді:
Әркімнің өмірінде әр күні жүздеген таңдау жасалынады және олардың жақсысы не жаманы, маңыздысы мен маңызсызы болмайды. Бірақ, әрбір таңдалған өмір сүрілгенге, ал әрбір жол жүріп өтілгенге лайықты.
Фильм шашылған сюжетпен түсірілген.
Алғашында, адам ажалсызға айналған гротесктік әлем көрсетіледі. Соңғы ажалды адамның өлу сәтін теледидарда реалити-шоу арқылы бақылап отырған әлемге қош келдіңіз, ендеше! Немо мырза (“Соңғы ажалды”) журналистке өзінің өмір хикаясын айтып жатады. Қызығы сол, оның әңгімесі парадокс пен түсініксіздікке толы еді. Ол бірнеше өмір сүріп, өз басынан өткен бірнеше хикая айтып береді. Нақтырағы, төрт түрлі тағдыр!
Фильмнің соңында бір-ақ нәрсеге көзің жетеді – бұл төрт өмірді әлі де сүріп үлгермеген екен, бұл үлкен даңғыл жолдың алдында әлі де сол 9 жастағы үлкен таңдау жасамақшы болған бала тұрған екен. Ол өз таңдауын әлі де жасап үлгермеген.
Қысқасы, фильм, оған жұмсалған 47 млн көк ақшаның оннан бірін де ақтамағанына қарамастан, керемет шыққан деп есептеймін.
Фильмнің режиссері: Жако ван Дормель
Актерлері: Джаред Лето, Диана Крюгер
Мен үшін Джаред Лето, бірінші кезекте, музыкант, 30 second to mars тобының әншісі, сосын барып, актер. Шынын айтсам, оның актерлік шеберлігіне алғаш рет куә болып отырмын. Бұған дейін оның қатысқан фильмдерін қарамаған екенмін.
“Мистер Ешкім” фильмінен кейін ол туралы көзқарасым мүлдем өзгеретін түрі бар. Оның ерекше дарын иесі, дауыс иесі екеніне дау жоқ, бірақ оның ерекше, өзіндік мәнері бар актер екеніне көзімнің жеткені – мен үшін жаңалық болды.
Ал Диана Крюгер туралы айтпаса да түсінікті ғой. “Троя”, “Бесславные ублюдки”, орнына оның фильмдері айтып береді. Бұл фильмдегі Анна мен Немоның арасындағы ыстық махаббат хикаясын, осы санаттағы ТОПтың ішінде бірінші орынға шығаруға лайық. Терең сезім мен керемет әсер.
