Ұйқысұраған ой
Ақпараттық тыныштық. Соңғы бір ай осы сөздің мағынасын сезінумен өткіздім. Теледидар қоспай, интернетте жаңалықтар сайтына бас сұқпай, әлеуметтік желілердегі достарым бөліскен сілтемелермен өтпей көру – адам қызығарлық нәрсе екен. Бұл, бір жағынан, өзіңді қоғамнан жасанды түрде бөліп, жырып алу болатын шығар, екінші жағынан, өзіңе, қажетсіз ақпаратпен онсыз да артық гигабайттарға толып үлгерген, артық салмақтың ауырлығын арқалағысы келмеген мыйыңа тыныштық беру болса керек.
Әрібі көп роман. Бір кітапты оқи бастардан алдын оның мағыналық салмағы мен интеллектуалдық жүгіне көңіл аудармай жатып, ондағы әріп саны мен кітаптың қалыңдығына көз түсетіні қызық. Талай рецензияларын, интерпретациялары мен жеке көзқарастарды оқып үлгерген соң, романның өзіне жақындаудан да қорқып қалады екенсің. Сол интерпретациядағы айтылған жоғары өнер мен пафосты ойлардың роман ішінде бос қуыс, қуық кеуде болып қалатындай көрінеді де тұрады. Бірақ, оның барлығы қатыстық ұғым екенін, әркім өзі көргісі келгенін көріп, қабылдағанын ғана айтатыны соңғы сәтте еске түседі. Одан өзгерген ештеңе жоқ. Әрібі көп романды қолға алып, кезекті бір сана тыныштығы кезінде аяқтармын деп ойлайсың. Өзімнің өмірлік “Уллисім” (Одиссея – грек.) бар деген ой мазалай береді.
Түсініксіздіктен туған түсінік. Кино – визуалды естелік. Адамның өмірінде бір ғана маңызды нәрсе бар – ол естелік. Достық – өткен күннің таусылмайтын естелік-әңгімесі. Махаббат – өлшеусіз сәт пен сол сәтке деген сағыныштан туған естелік, таусылмайтын естелік. Отбасы – ортақ естелік. Адамның бүкіл өмірін байланыстырып, жіпсіз жіппен жақындастыратын естеліктің соншалықты ащы әрі тәтті болатынын бәрі де сезініп көрген болуы керек. Ал, кино көргенде сол естеліктердің еріксіз көз алдыңда көлбеңдей кетіп, режиссердің айтқысы келгені бұлдырай берсе, ол көрермен бақыты дер едім. Естеліктер туралы сағынуға, ойлауға, қызыға әңгімелеуге болады, бірақ естеліктерге өкінуге болмайды. Морализаторлық функциямды ұмытып, жоғарғы өнер сатысынан айтсам, естелік – біздің барымыз, оның қандай болғаны маңызды емес. Өмірге “Мистер Ешкімнің” көзімен қараған қызық екен.
Өз бастауына оралған. Қисынсыздықты қисынға айналдыратын логиканың бағдарымен жүйткіп келе жатқан адамның тұла бойын шексіздікке деген ұмтылу, мәңгілікке деген сағыныш билейтін сияқты. Ал адамның бастауы “Ештеңе” еді, оның аяғы да “Ештеңемен” аяқталатын болуы керек. Тек шексіз әрі іркілмей айналатын дөңгелек ішінде зырылдап жүгірген нүкте ғана бар. Бірақ, ол нүкте өз ішінде бүкіл әлемді сыйдырып, әлемді өз қолымен, ойымен, санасыман жасай алатынынан хабары аздау секілді көрінеді.
Пы.Сы. Өзіме бірнеше кеңес: “арт-хаустан аулақ жүр” – бұлай ешқашан болмайды, “түсініксізді түсіндіруге тырыспа” – бұл болады, “кітап оқыма” – жасасын интернет, “концептуалдық өнер туралы ұмыт” – жан деп, “ағысқа қарсы жүзбе” – ойлану керек екен, “сен кімсің өзі?” – ммм, “әлі барсың ба?” – иа.
Пы.Пы.Сы. Өз орны туралы ұмытқысы келгендер болады, өз санасын жойғысы келгендер болады, өз ойын бүккісі келгендер болады, өз пікірін тыққысы келгендер болады, өзін көрсеткісі келгендер болады, өзгенің артына тығылғысы келгендер болады. Адам әртүрлі болады.

Estelik turali dal jazipsyn! Molodes!!!
Көзқарас белгілі бір құбылысқа, обьективті дүниеге нақты бір көзқарас ғой. Ал мына жазғаныңыз бірнеше көзқарас пен пікірлер шоғыры. Бұл жазба көзқарастан бұрын, дүниетанымға көбірек келеді екен.