Skip to content
Наурыз 5, 2011 / e_zhalgas

“Inception” – иллюзияланған шындық

Сенің санаң – қылмыс жасалған орын

“Матрица” заманынан бері шындықтың иллюзиялығын бейнелейтін модерн мен постмодерн тоғысындағы фильмдер көбейе бастады және олардың әрқайсысы көруге тұратын, ойлануға итермелейтін десем қателеспейтін шығармын.

Түс туралы біркелкі түсінік жоқ. Фрейдтен басталған осы құбылысқа деген қызығушылық, түптеп келгенде, көптеген жаңалық пен ашуларға алып келді. Тіпті, бүкіл өмір – біреудің түсі деген де қорытындылар жасалғаны бар.

Ал Кристофер Нолан бұған тіптен басқаша қарайды екен. Ол түс адамның бүкіл өміріне әсер ететіндігі сонша, егер оны бағыттауға, өзгертуге амал табылса, түстегі кішкене идеяның ұшқыны бүкіл болмысқа әсер етеді деп қорытады.

Сюжеттен қысқаша:

Кобб – талантты ұры, өз әлеміндегі ең үздік ұрылардың бірі. Ол – адамның санасы әлсіз кезде маңызды ақпарат пен естелікті “ұрлайтын”  шебер шығарушы. Оның дәл осы таланты өз әлеміндегі ең танымал әрі ең үздік тұлғаға айналдырды және дәл осы таланты барлық жақындарынан айырып, бәрінен қашып, өмірін тығылумен өткізуге мәжбүрледі.

Міне, бірде оның өткендегі барлық қателіктерін орнына келтіріп, жақындарымен қосылуына жалғыз мүмкіндік ашылады. Ол соңғы тапсырысты мүлтіксіз әрі байқатпай орындап шығуы керек. Бірақ, бұл жолы ол адам санасынан идея мен естелікті шығарып емес, керісінше, адам санасына идеяны орнатуы керек болады. Егер барлығы жүзеге асса, ол идеалды қылмыс санатына жататын еді.

Бірақ, Кобб өзіне ешқандай да жоспарлау мен шеберлік көмектесе алмайтынын біліп отырады. Бірақ,  бәрі идеалды болуы үшін оған тек қана шеберлік пен мүлтіксіз жоспар емес, өз естеліктерімен, өз санасындағы шырғалаңмен бетпе-бет келетінін ол білмейді. Оның басты мәселесі орнатудағы шеберлік емес, өзімен арпалыс екенін ұмытып кетеді.

Сюжет туралы осыны ғана айтуға болатын шығар. Бір нәрсе анық, актерлік құрам мен басты рөлдегі актерлердің ойыны – шеберліктің нағыз шыңы. Леонардо диКаприо мен Эллен Пейдж – фильмнің түпнегізі.

Осы фильмнің премьерасынан соң өз блогымда мынандай жазба қалдырыппын:

Түс — түлкінің боғы дейді. Шынында ол ерекше адамнің ішкі дүниесінен сыр шертетін мультиформалы аспап шығар. Кім білсін!?

Түсті көре бастағанда ешкім де оның қалай басталғанын білмейді, тек оқиғаның барынша қызған шағынан тап болады. Ол мүмкін адами әлсіз жадтың қатігез әзілі де шығар. Мүмкін. Бірақ, меніңше, түс – адамның ішкі және сыртқы эмоциялары мен сезімдерінің дабылы. Оны ешқашан басқаруға, не басқартуға болмайды.

Бірақ оны бағыттап отыруға, тіпті өзгертуге тырысып көруге де болады екен. Оны Кристофер Нолан дәлелдеді. Меніңше әрине.

Ол өзінің «Inception» фильмінде барынша түсінікті түсіндіруге тырысыпты. Бірақ, ол түсіндіре алды деп те айта алмаймын, себебі, түсініксіз нәрсені түсінікті түсіндіруге тырысу көбіне қателікке ұрындырады. Бірақ, кей кезде сол қателіктің өзі үлкен табыс пен әркелкі түсіндірмелерге итермелеп жатады.

Бүкіл модерндік мәдениет түсініксізді түсіндіріп келуге тырысса, постмодерндік мәдениет болса, сол түсіндірмекші болған түсіндірменің өзін түсініксіздеу қылып жіберуге талпынып жатыр. Бірақ одан оның кемшілігін, не мағынасыздығын емес, оның барынша талпынғандығын ғана байқауға болатын шығар.

Бұл менің жеке субъектив пікірім. ИМНО :)

Ал фильм өте әсерлі (арнайы эффекттер туралы айтамын). Бұндағы эффекттер көз сенбейтіндей тым фантастикалық та емес, бір қарағанға. Сосын, эффекттердің өзінің жасалу жолдары мен эффекттердің өздері де керемет. Бір сөзбен айтқанда, Кристофер Нолан өз биігін тағы да барынша жоғарылатыпты. Оның «Темный рыцарь» фильміндегі іздерді байқауға да болады, бірақ сапалық жағынан ол деңгейден де біраз жоғары көтерілгенін де атап өту керек сияқты :)

Ал Леонардо ди Каприоның ішкі дүниесі терең жараланған тұлғаны сомдағаны — ол нағыз шеберлік. Қысқасы фильм туралы ойым өте жоғарыда.

Біріншіден, менің бойымда фильмнен кейін екі негізгі ұшқын қалды:

— кішкене ғана ой адамның бүкіл өмірін өзгерте алады

— идея, тіпті болмашы ғана идея болмысты жаулап алып, оған иелік етеді.

Бұл фильм шыққанына бір жыл болғанына қарамастан, бүкіл әлемдік рейтингтерде жоғары көрсеткішке жетіп үлгерііпті. Киносүйер қауым бұл фильмді ең талғампаз киноманның топтамасына лайық картина деп те бағалап жатқан көрінеді.

Бірақ, керемет режиссердің (Кристофер Нолан) керемет фильміне тұрып қол соғып қою керек екенін айта кетейін. Оның “Темный рыцарь” фильмі де ерекше ілтипатқа ие болғанын бәрі де білетін шығар. Кристофер Нолан – әлемдік киносүйер қауымға терең психоанализдік фильмдерімен өзін танытып келе жатқан жас режиссер әрі сценарист.

Қысқасы, менің топтамамдағы үздік фильмдердің бірі, соңғысы емес.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Connecting to %s

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.